25.04.2013


Ирина Талько


Идеясын қорғай алғандар ұтты


М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстандағы филиалында студенттер мен магистранттардың, жас ғалымдардың «Ломоносов-2013» атты халықаралық ғылыми конференциясы болып өтті. Бұл осымен тоғызыншы рет өткізіліп отырған шара және оған қатысушылар саны да жылдан-жылға артып келеді.

Биыл конференцияға Тәжікстан, Польша, Ресей елдері өкілдері де қатысты. Жас ғалымдар өздерінің өнертабыстық идеяларын ұсынып, заман талабына сай бірлесіп іс-қимыл жасау жөнінде келелі кеңес жүргізді. Құрылтайдың мақсаты студенттердің ғылыми белсенділігін арттыру, оларды қазіргі заманғы ғылымның өзекті міндеттерін шешуге тарту және түрлі елдер мен қалалардағы жас ғалымдардың ғылыми байланыстарын нығайту еді. Айта кету керек, ғылыми шара – университет өміріндегі елеулі оқиға. Жас ғалымдардың мұндай кездесулері дер кезінде қолға алынған іс екенінде дау жоқ. Ғылым жолындағы жастар ел ғылымының болашағына үлес қосқылары келеді. Жас ғалымдар мен олардың ғылыми қызметі және конференция барысы туралы экономика ғылымдарының докторы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстан филиалының директоры, «Қазақстан және Ресей дамуы стратегиясын жүзеге асырудағы экономика ғылымының ролі» атты секция жетекшісі Александр Владимирович Сидоровичпен ой бөлістік.


– Александр Владимирович, Қазақстан мен Ресей ғылымын дамытуда жастар қандай роль атқарады? 

– Жастар ғылымды дамытуда шешуші роль атқарады. Өйткені, олар – ғылымның келешегі. Бірақ ғылымда әу бастан өзіңді нақты ақиқатты іздеуге, зерттеу жүргізуге үйретсең ғана биіктерге жетуге болатынын есте ұстау керек. Ізденісті ұдайы нәтижеге айналдыруға тырысу керек. Яғни, белгілі бір проблемаларды шешу бойынша ғылыми мақсаттарға жету қажет.


– Ғылыми зерттеулер нәтижелерінің бәрі бірдей мойындала бере ме? 

– Конференцияның маңыздылығы сонда, ол мұндай нәтижелерді жариялы түрде көрсетуге мүмкіндік береді, сол арқылы мойындауға болатын, болмайтын нәтижелер айқындалады. Мұндайда үздік ғылыми жетістіктердің өзі бірден мойындала қоймайды. Бірақ, адам табанды болса, өз идеясын қорғай алса, уақыт тиімді роль атқарады. Конференцияның мақсаты жастарды ғылыми шығармашылыққа ояту ғана емес, оларды өз зерттеулерінің қорытындыларын қорғай білуге, түрлі ЖОО-дағы әріптестерінің ғылыми ізденістері мен өз ізденістерін салыстырып, өлшем жасай білуге үйрету болды. Біз бұл мақсатқа жеттік деп ойлаймын. 


– Зерттеудің айқын іс жүзіндегі құндылығын көрсету қаншалықты маңызды?

– Ғылымда ғалымның тәжірибелік мәні бар қорытынды жасауы маңызды. Бірақ, бұл іс жүзіндегі маңыздылық 10-20 жылдан кейін көрінуі мүмкін. Бұның бір мысалы – еңбектері көп жыл өткен соң бағаланып, марапатталып жататын Нобельдік сыйлықтың лауреаттары. Яғни, маңыздылық белгілі бір уақыт өткен соң көрініс береді. Бұл ең алдымен іргелі ғылымда байқалады. Алайда, тәжірибелік проблемаларды шешу міндеті қойылған қолданбалы ғылым да бар.


– «Ломоносов 2013» конференциясын қалай бағалайсыз?

– Конференцияны бір сөзбен оқиға деп бағалау керек. Ол біз жылда күтетін, жылда бізді қуанышқа бөлейтін оқиға. Әрине, онда өз идеяларын ұсынуға жақсы мүмкіндікті пайдаланбай, жай ғана тыңдаушы болып отырғандардан белсеніп шығып, топ алдында ғылыми еңбегін қорғағандар ұтты.


– Сіздіңше ғылыми жобалар құрылымы қалай болуы керек? Зерттеу жұмыстарының тезистерін оқығанда неге көңіл аудардыңыз?

– Тезистерді оқығанда мына мәселелер басты назарда болуы тиіс: Әр ғылыми жұмыста белгілі бір шеңбердегі дереккөздер мен материалдар болады. Бұл мынаны білдіреді. Біріншіден, жаңалық ашу үшін осы бағытта қазіргі кезде не істелініп жатқанын білу керек. Екіншіден, белгілі бір аймақтық проблемаларды шешуге, қазіргі заман талабына сай келетін нақты мәселелерді таңдай білген жөн. Бұл сипат барлық ғылыми еңбектерде бар. Кейбір жұмыстарда зерттеу проблемалары пікірталасқа құрылған, ғылыми айналым бойынша материалдар түгел пайдаланылмаған. Әрине, біз студенттердің ғылыми идеяларын кеңінен танытып, басып шығару жағын ойластырамыз. Тезистер жеке жинақ болып құрастырылады. Сөйтіп, студенттерге өздерінің ғылыми жұмыстарының ресми құжаты ретінде өмір бойы қалатын жарияланымдар басылады.


* * *


Студенттер мен магистранттардың, жас ғалымдардың «Ломоносов-2013» атты халықаралық ғылыми конференциясы Л.Н.Гумилев атындағы ЕМУ-де салтанатты түрде қорытындыланды. Ұйымдастырушылар студенттердің сан алуан зерттеулері өзіндік ғылыми көзқарастары мен ойлары тоғысқан үйлесімділіктің көрінісіндей болғанын, олардың ғылымға қадам басуға деген ұмтылысын атап көрсетті. Ерекше қызықты еңбектер мен ғылыми жобалардың авторлары мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарға ие болды.