Филиалдың профессоры Ташкентте өткен конференцияға қатысты


2024 жылғы 10-11 қазанда тарих ғылымдарының докторы, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры Алтайы Иранбекқызы Оразбаева Ташкент қаласында (Өзбекстан Республикасы) өткен «Жібек жолы: туризм призмасы арқылы ынтымақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Конференцияны Өзбекстан Республикасының Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі, Өзбекстан Республикасының Туризм комитеті, «Жібек жолы» халықаралық туризм және мәдени мұра университеті, Ташкент мемлекеттік экономика университеті, Алтай мемлекеттік университеті, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды.

Конференцияның мақсаты – Жібек жолы бағыттарының бойында орналасқан елдердің идеялары мен тәжірибесімен алмасу, туризмді дамытудың бірыңғай стратегиясын қалыптастыру үшін өзара тиімді серіктестікті нығайту.








Халықаралық конференцияның жұмысына көптеген елдерден, оның ішінде Түркия, Үндістан, АҚШ, Жапония, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қазақстан және Қырғызстан елдерінен келген 250-ден астам өкіл қатысты. Конференцияға қатысушылар алдында Өзбекстан Республикасы Туризм комитетінің төрағасы Үміт Шодиев құттықтау сөз сөйлеп, конференцияның маңызды мақсаты туризмді дамытуға ғылыми көзқарасты енгізу мүмкіндіктерін талқылау екенін атап өтті.

Профессор А.И. Оразбаева «Жібек жолы: мәдениеттер тоғысуы және өркениеттер диалогы» тақырыбында пленарлық баяндама жасады, сонымен қатар «Жібек жолының тарихи-мәдени мұрасы: өзекті мәселелері мен зерттеу келешегі» секциясына қатысты. Баяндама конференцияға қатысушылар мен қонақтар тарапынан мақұлданып, қолдау тапты. Жұмыс барысында профессор А.И. Оразбаева шетелдік әріптестерімен байланыс орнатып, оған қоса ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағдарлары бойынша келіссөздер жүргізді.

Мәтін және сурет: Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы