Мәскеу университетінің Қазақстан филиалындағы М.В.Ломоносов атындағы ММУ 270 жылдығына арналған «Іргелі ғылым және ХХІ ғасыр басымдықтары» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы


2025 жылғы 25 қаңтарда Мәскеу университеті өзінің мерейтойын – құрылғанына 270 жыл толуын атап өтеді. Осынау маңызды тарихи оқиғаға арналып М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалында 2024 жылғы 29 қараша күні ТМД және алыс шет елдерден 70 жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысқан «Іргелі ғылым және ХХІ ғасыр басымдықтары» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Конференцияның мақсаты мен міндеттері заманауи ғылымның өзекті мәселелері мен даму перспективаларын, жаңа ғылыми және тәжірибелік нәтижелерді талқылау, пікір алмасу, ғылыми зерттеулердің бірлескен бағыттарын іздеу және зерттеу орталықтарының ынтымақтастықғын нығайту болды.







«Филиалымызда Мәскеу университетінің мерейтойына арналған конференция өткізу Мәскеу университеті мен Қазақстан арасындағы тығыз байланысты танытады. Біздің елдеріміз арасындағы байланыстар әр салаларда дамып, нығайып келеді, олардың арасында білім мен ғылым саласындағы байланыстар ерекше маңызға ие», - деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде ММУ ректоры, академик Виктор Антонович Садовничий.

«ММУ Қазақстан филиалы сонымен бірге еліміздің маңызды ғылыми орталығы, Қазақстанның ғылымы мен білімінің дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан көптеген ғылыми конференциялар мен форумдардың ұйымдастырушысы болып табылады. Осындай маңызды ғылыми оқиғалардың бірі – Мәскеу университетінің 270 жылдығына арналған халықаралық конференция өткізілуі», - деді Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конференцияға қатысушыларға арнаған бейне құттықтауында.

Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Николаевич Бородавкин құттықтау сөзінде «университеттің алтын қоры – профессор-оқытушылар құрамы, олар өзінің жас ізбасарлары – бүгінгі студенттерге бар күшін, білімі мен тәжірибесін беріп келеді», - деп атап өтті.

 Пленарлық отырыс Филиал директоры, ММУ құрметті профессоры Александр Владимирович Сидоровичтің Мәскеу университетіндегі мерейтойлық баяндамалардың дәстүрлері көрініс тапқан «Мәскеу университеті мен Филиал туралы сөз» тақырыбында жасаған баяндамасымен ашылды.

Баяндамада Мәскеу университетінің және ММУ Қазақстан филиалының дамуындағы маңызды кезеңдері қарастырылып, Қазақстан филиалының кіші Мәскеу университеті ретіндегі ерекше рөлі көрсетілді. Директордың 2026 жылдың 1 қыркүйегінде атап өтілетін Филиалдың 25 жылдығына дайындыққа арналған сөзіне қатысушылар ерекше назар аударды.

 Пленарлық отырыста баяндама жасаған конференцияның құрметті қонақтары -  Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Нурланович Шаймарданов, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Андреевич Мун, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Советович Башимов, сонымен бірге қазақстандық және ресейлік жетекші ғалымдар, сарапшылар қауымдастығы өкілдері.

Конференция жұмысы алты секция бойынша өтті. Онда математиканың, жасанды интеллектінің, экологияның, қазіргі Қазақстан экономикасы тұрақты дамуының, ғылым мен білім саласындағы әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулердің, сондай-ақ филологияның өзекті мәселелері талқыланды. Конференция секцияларында 166 жетекші ғалым баяндама жасады, олар - 67 университет пен ғылыми орталықтардың, оның ішінде Қазақстанның 42 университеті мен ғылыми орталығы, Ресейдің, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, Нидерланды, Австралияның 25 университеті мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары мен оқытушылары.

Конференция қорытындысы бойынша материалдар жинағын шығару жоспарлануда.