2019 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің бұйрығымен М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының математика және информатика кафедрасының меңгерушісі профессор Ерлан Даутбекович Нұрсұлтановқа ғылым мен техниканың дамуына үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған Мемлекеттік ғылыми стипендия берілді.
Мемлекеттік ғылыми стипендиялар жыл сайын мемлекеттік басым бағыттар бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізген және ғылыми мамандар дайындаған ғалымдарға және ғылым қызметкерлеріне беріледі. Мемлекеттік стипендия иегерлерінің тізімімен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің сайтында танысуға болады (http://sc.edu.gov.kz/main/announcements/6412/).
Профессор Е. Д. Нұрсұлтанов 140-тан астам ғылыми еңбектер жариялап, оның ішінде 60 тан астам мақаласы Web of Science и Scopus рейтингісі жоғары журналдарда жарық көрді.
Соңғы 5 жылда ғалым 2 монография жазып, оның біреуі Springer баспасында басылып шықты. Ғалымның 22 ғылыми жұмысы беделді халықаралық басылымдарда, атап айтқанда, «Математические заметки», «Труды МИ РАН имени В. А. Стеклова», «Функциональный анализ и его приложения», «Сибирский математический журнал», Journal of Mathematical Inequalities, Journal of Mathematical Analysis and Applications, Mathematica Scandinavica, Potential Analysis, Constructive Approximation, Eurasian Mathematical Journal және тағы басқа басылымдарда жарық көрді.
Ерлан Даутбекович Web of Science тізіміне енген келесі журналдардың редколлегия мүшесі болып табылады: Eurasian Mathematical Journal, «Вестник Карагандинского университета. Серия “Математика, механика, информатика”».
Оның ғылыми жетекшілік етуімен 2 докторлық диссертация қорғалды, 5 PhD бағдарламасы бойынша докторлық диссертация, 9 кандидаттық диссертация қорғалды.
Е. Д. Нұрсұлтановтың ғылыми тақырыбының аясы функционалдық кеңістік теориясы, операторлардың интерполяциялық теориясы, гармониялық анализ, операторлардың спектралды анализі салаларын қамтиды.
М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының ұжымы Ерлан Даутбекович Нұрсұлтановты Мемлекеттік стипендия алуымен құттықтайды және ғалымның алдағы ғылыми жолына табыс пен жеңістер тілейді!