4-9 қазан аралығында Қазақстан филиалында бірден бірнеше мерейтойға – қазақтың ұлы ағартушысы Ы. Алтынсариннің 180 жылдығына, аты аңызға айналған балуан Қ. Мұңайтпасұлының 150 жылдығына және қазақтың белгілі ақыны М. Мақатаевтың 90 жылдығына арналған Қазақ тілі апталығы болып өтті. Мерейтойлық іс-шараларға қазақ тілі пәнінің оқытушылары – профессор Н.Ж. Құрман, аға оқытушылар Қ.М. Қажыбаева, Г.Ж. Мәуленова, оқытушы С.К. Кенжемұратованың жетекшілігімен барлық бағытта оқып жатқан студенттері мен магистранттар қатысты.
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ – ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН
2021 жылғы 1 қарашада қазақтың атақты ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толды. Ол бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнады, қазақ халқының ұлттық болмысын тәрбиелеуге аса зор үлес қосты.
«Филология» бағытының 1 курс магистранттары Ыбырай Алтынсариннің шығармашылық жолы мен педагогикалық қызметі туралы баяндамалар дайындап, шығармаларының виртуалды көрмесін ұсынды, мәнерлеп өлең оқу сайысы мен викторина өткізді, сонымен қатар Ыбырай Алтынсариннің шығармалары бойынша түсірілген фильм көрсетілімін ұйымдастырды.
«Экономика» бағытының 1 курс студенттері Ыбырай Алтынсарин шығармашылығына арналған әдеби кеш ұйымдастырып өткізді. Сабақ барысында студенттер Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар», «Кел, балалар, оқылық» және тағы басқа белгілі өлеңдерін жатқа оқыды.
Жиын соңында студенттер Отан туралы әні «Атамекен» орындалды.
«Филология» бағытының 4 курс студенттері «Ыбырай Алтынсарин – қазақтың тұнышы ағартушысы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстел барысында пікірталас ұйымдастырылып, жазушы шығармашылығы бойынша тест тапсырмалары да ұсынылды.
АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН БАЛУАН ҚАЖЫМҰҚАН МҰНАЙТПАСОВҚА АРНАЛАДЫ
Мерейтойлық іс-шаралардың келесі циклі аты аңызға айналған қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толуына арналды. Ол әлем чемпионы атағын алған тұңғыш қазақ спортшысы болды.
«Филология» бағытының 1 курс магистранттары оқыту тапсырмасы аясында «Күш атасы – Қажымұқан» жобасы бойынша жұмыс жасады. Магистранттар ауызша баяндамалар дайындап, сонымен қатар Қажымұқан Мұңайтпасов өмірінен сыр шертетін деректі фильмнен үзінді көрсетті. Сабақ соңында викторина ұйымдастырылып, белсенді қатысушылар сыйлықтармен марапатталды.
«Экология және табиғатты пайдалану» бағытының 2 курс студенттері Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірбаянына арналған ашық сабаққа қатысты, сабақта викторина өткізіліп, деректі фильм көрсетілді.
ҚАЗАҚТЫҢ ХХ ҒАСЫРДАҒЫ КӨРНЕКТІ АҚЫНЫ – МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ
Қазақ тілі апталығының соңында қазақтың белгілі ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай ашық сабақтар мен әдеби кештер ұйымдастырылды. Мұқағали Мақатаев ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы қазақ поэзиясының ерекше тұлғалы өкілі болып саналады. Ол – қазақ әдебиетіне өзіндік поэзиялық туындыларымен және көптеген аудармаларымен де елеулі үлес қосқан қыран ақын.
«Филология» бағытының 1 курс магистранттары Мұқағали Мақатаев шығармашылығы бойынша сабақта арнайы жоба орындап, ғылыми-зерттеу материалдары бойынша презентация дайындады, деректі кадрларды көрсетті, ақынның үні жазылған таспадан өзі оқыған өлеңдерін тыңдады.
«Филология», «Экономика», «Математика», «Қолданбалы математика және информатика» бағыттарының 1 және 2 курс студенттері Мұқағали ақын туралы әдеби кездесуге қатысып, өлеңдерді мәнерлеп оқу сайысын ұйымдастырды және Мұқағали Мақатаев өмірі мен шығармашылығы туралы «Мәңгілік сағыныш» атты деректі фильм көріп, ойларымен бөлісті.