2022 жылғы 13 наурызда М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалында онлайн форматтағы «Ашық есік күні» болып өтті. «Ашық есік күнінің» қонақтары Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларының жоғары сынып оқушылары болды
ММУ Қазақстан филиалының кезекті Ашық есік күні әлі аязы кете қоймаған көктемнің жақсы күнінде өткізілді. Жексенбілік көңіл-күй талапкерлердің, олардың ата-аналары мен мұғалімдерінің ММУ Қазақстан филиалымен жан-жақты танысуына ықпалын тигізді. Кездесуді филиал директоры, ММУ-дің құрметті профессоры Александр Владимирович Сидорович құттықтау сөзбен ашып, Мәскеу университетінің әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі екенін атап өтті. ММУ Қазақстан филиалы жоғары білім беру жүйесіне, еуразияшылдық пен достық идеяларын дамытуға өзіндік ерекше үлес қосып келе жатқан құрылым болып табылады. Филиал көп уақыттан бері Қазақстанда жоғары сапалы білім берудің бренді болып келеді. 2019 жылдан бастап Филиалдың қызметі университетке ерекше мәртебе беретін Ресей мен Қазақстан арасындағы бірегей Үкіметаралық келісіммен реттеледі.
А.В. Сидорович өз сөзінде Филиалда берілетін білімнің артықшылығы, бакалаврлар мен магистрлерді дайындау бағыттары, қабылдау науқаны, дайындық бағдарламалары мен қабылдау емтихандары, Филиалдағы оқу тәртібі және Филиалда білім алу арқылы түлектердің алдынан ашылатын перспективалар туралы жан-жақты айтып берді. ММУ Қазақстан филиалы өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарп келеді – бәсекеге қабілетті, қазақы рухпен сусындаған іскер мамандарды дайындайды. Филиалдың түлектері туған жерінде және әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істейді, олар бизнесте, қоғамдық, ғылыми және білім беру салаларында табысты мамандар және оларға деген сұраныс әрдайым жоғары. Біздің міндетіміз – оқушыларды отансүйгіштікке, ата-анаға, ата-бабаға, салт-дәстүрге, мемлекет тарихын құрметтеуге тәрбиелеу. ММУ-ге оқуға түсу дегеніміз - бұл жетістікке жету мүмкіндігі, осы мүмкіндікті пайдаланып, одан соң мақсатқа жету үшін еңбекқорлық пен табандылық керек болады.
Одан әрі Александр Владимирович өтініш берушілердің сұрақтарына жауап беріп, кездесуге қатысушыларды толғандырған бірқатар мәселелер жайында түсінідіріп өтті. Үміткерлердің ерекше көңіл бөлгені қабылдаудың өзекті мәселелері болды. Солардың ішінде қабылдау емтихандары туралы мәселені ерекше атап өтуге болады. А.В. Сидорович 2022 жылы індет асқынбаса, қабылдауды күндізгі қабылдау түрінде өткізуге болатынын айтты. Филиал директоры бірқатар үлгілер негізінде, ресейлік жоғары оқу орындарына түсу және ресейлік дипломдарды тану туралы жалған ақпараттың желілерде жиі жарияланатынын көрсетті. Бұл ақпарат жалған және талапкерлерді адастырмауы керек. Сұрақтардың келесі кезеңі білім беру шарттарына арналды. А.В. Сидорович Филиал қызметі үшін тұрақты жағдайларды қамтамасыз етуге және студенттерді Мәскеудегі қосып оқытуға жіберудегі Үкіметаралық келісімнің рөлі туралы ашып айтып берді.
Кездесудің жалғасында Мәскеу университеті өкілдері бакалавриаттың бес бағыты бойынша білім беру мәселелеріне тоқталды Ол бағыттар бакалавриаттан – «Математика», «Қолданбалы математика және информатика», «Филология», «Экология және қоршаған ортаны басқару», «Экономика және бірнеше магистрлік бағдарламалар – «Математика және талдаудың компьютерлік әдістері», «Математикалық модельдеу», «Шетелдік аудиториядағы орыс тілі», «Медиалингвистика», «Қоршаған ортаны басқару», «Қаржылық аналитика», «Ұлттық экономика», «Аймақтық даму экономикасы». Өздерінің факультеттері мен кафедралары туралы сөз сөйлегендер В.Н. Чубариков – физика-математика ғылымдарының докторы, ММУ профессоры; Л.В. Крицков – физика-математика ғылымдарының кандидаты, ММУ доценті; О.А. Волошина – филология ғылымдарының кандидаты, ММУ доценті; В.Р. Битюкова – ММУ география факультеті деканының орынбасары, ММУ Қазақстан филиалының экология және табиғатты пайдалану кафедрасының меңгерушісі, география ғылымдарының докторы, профессор; В.А. Зубенко – экономика ғылымдарының кандидаты, ММУ доценті.
Одан әрі қонақтар ММУ Қазақстан филиалы мен Мәскеу университетінің оқытушыларымен танысу, олардан түрлі бағыттағы білім берудің ерекшеліктері туралы сұрау үшін виртуалды кабинеттерге бөлінді. «Ашық есік күнінің» соңы «Абитуриент» орталығының өкілдерімен кездесумен жалғасты. ММУ Қазақстан филиалының талапкерлерге арналған дайындық курстарында сабақ жүргізетін оқытушылары А.В. Семенов пен А.Б. Муканов былтырғы оқуға түсу сынақтарында орыс тілі мен математикадан берілген тапсырмаларды талдауға тоқталды. Филиал оқытушыларының шеберлік сабақтары емтихандық тапсырмалардың мәнін нақтылауға және мектеп оқушыларының оларға сапалы дайындалуына көмектеседі.
Кездесуге келген қонақтар ертеңгі күні талапкерлер болып келуіне және содан кейін Қазақстан филиалының студенттері атанып, сөйтіп, Мәскеу университетінің тату отбасына қосылады деп сенеміз.