М.В.ЛОМОНОСОВ АТЫНДАҒЫ МӘСКЕУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН ФИЛИАЛЫ

Жаңалықтар
01.04.2022

В.А. Садовничий ММУ Қазақстан филиалының студенттерімен кездесті


31 наурыз күні ММУ ректоры академик В.А. Садовничий қазіргі уақытта Мәскеуде білім алып жатқан Қазақстан филиалының студенттерімен ММУ іргелі кітапханасында – Зияткерлік орталықта  кездесу өткізді. 


 «Мен алғашқылардың бірі болып құрылған ММУ Қазақстан филиалының  жұмысына үлкен мән беремін», – деп бастады студенттермен кездесуін В.А.  Садовничий. – Студенттеріміздің жоғары білімді және қуатты маман болып, ғылыммен белсенді айналысуын біз ерекше қалаймыз. Жемісті еңбек ету үшін сіздерге мүмкіндігінше барлық жағдай жасалған. Міне, 20 жылдан астам уақыт бойы ММУ Қазақстан филиалы екі елдің игілігі үшін жұмыс істеп келеді. 2001 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасын Ресей Президенті В.В. Путиннің қолдауымен осы Филиалды ашу туралы шешім қабылданғаны менің есімде. Қазір оның әдемі кампусы, тамаша ұжымы және қарқынды дамуға бет алған өте жақсы жолы бар».


Ректор Қазақстан Республикасының Президенттері Н.Ә. Назарбаев пен Қ-Ж.К. Тоқаевпен кездесулері туралы айтты. ММУ Қазақстан филиалында оқыған дәрістері жөнінде, жаңа ғимараттарды ашуға қатысқаны туралы еске алды. Филиал өзінің жұмыс істеген осы уақыты аралығында 2200-ден астам маман дайындап шығарды.


Филиалдың студенттері өз кезегінде білім мен ғылымның толыққанды өмірі туралы, өздерінің жазғы мектептерге, олимпиадаларға, республикалық ғылыми жұмыстар байқауларына, «Ломоносов» халықаралық жастар ғылыми форумына, басқа да халықаралық конференцияларға қатысатындықтары жөнінде айтып берді. 


«Математика» бағытының 3 курс студенті Талант Тәліповтің айтуынша, оқу бағдарламасының тығыз болуына қарамастан, математик-студенттер халықаралық олимпиадалар қозғалысына және шетелдік университеттер өткізетін жазғы мектептерге белсенді түрде қатысып келеді. «Қазақстан Республикасында студенттердің олимпиадалық қозғалысы ғана емес, сонымен қатар мектеп оқушыларының арасындағы олимпиада да жоғары деңгейде дамыған. Республикалық олимпиадалардың нәтижелерін Филиалға оқуға түсу кезіндегі Қазақстан Республикасының үздік талапкерлері үшін жеңілдіктердің негізі ретінде санау қажет», - деп ұсыныс білдірді студенттер.


Филология факультеті мен журналистика факультетінің озық дәстүрлерін біріктіретін «Медилингвистика» бағдарламасының ерекшеліктерін 2 курс магистранты Зарина Құсанова атап өтті. Нақты осы бағдарлама бойынша білім алып жатқан Заринаға ақпан айында өткен Бейжің Олимпиадасына қатысып, Қазақстанның тұңғыш әйел хоккей комментаторы ретінде  нәтижелі жұмыс істеуіне мүмкіндік туған еді. 


Экономист-студенттер болса, өздерінің болашақ жұмыс берушілерімен тығыз ынтымақтастық орнату жолдары туралы айтып берді. Студенттердің үшінші курста өндірістік практикасының бір бөлігі ретінде Қазақстан Ұлттық Банкіне, Қаржы министрлігіне және басқа да ведомстволарына тәжірибе алуға  мүмкіндіктері бар. «Мемлекеттік ұйымдар Филиалымыздың түлектеріне көңіл бөліп келеді, бұл - өте маңызды, өйткені Филиада білім берудің басты міндеттерінің бірі – еліміздің болашақ элитасын дайындау», - деп атап өтті В. Садовничий.


Кездесуде студенттер, сонымен бірге, патриоттық тәрбие тақырыбына тоқталып, ректорға Ұлы Отан соғысында ел қорғаған өздерінің аталары туралы естеліктері негізінде құрастырылған «Книга памяти о войне» атты кітабын сыйға тартты.


В.А. Садовничий студенттермен кездесуі барысында Филиалдың түрлі бағыттағы қызметін ғана талқылап қоймай, математик-студенттердің ғылыми қызығушылықтарымен танысты, оларға курстық жұмыс жазу бойынша практикалық кеңестер берді.


Ректор студенттермен кездесуін қорытындылай келе, шәкірттеріне өздерін жан-жақты дамыту үшін осынау студенттік жылдарын, мүмкін болғанынша,  белсенді түрде пайдалана алуына тілек білдірді. Әр студент өзінің кәсіби, мәдени, рухани жағынан дамуына баса назар аударуы тиіс,  дүниені терең және сан қырынан танудың мол мүмкіндіктерін пайдалануға ұмтылуы керек.  Студенттік шақ жастықтың жарқын сәті және болашақ жақсы өмірінің берік іргетасын қалаған уақыты ретінде жадында сақталуы тиіс.


Кездесудің соңында ММУ Қазақстан филиалының директоры А.В. Сидорович ректорға Филиал ұжымы атынан Мерейтойлық Құрмет грамотасын және естелік сыйлықты табыс етті. Студенттер де Мәскеу университетінің ректорынан естелік сыйлықтар алды.



[Источник: Сайт Московского университета msu.ru]


© М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы. Барлық құқық қорғалған.