05.10.2022

ММУ Қазақстан филиалының доценті, философия докторы(PhD) Аймолдина А.А. «Өзгеріс үстіндегі әлемде тең дәрежеде білім беруді ілгерілету» тақырыбында 10-шы ICBCB Халықаралық конференциясына қатысты


2022 жылғы 29-30 қыркүйек күндері Сүлейман Демирел атындағы университетте (Алматы облысы Қаскелең қ.) «Өзгеріс үстіндегі әлемде тең дәрежеде білім беруді ілгерілету» («Promoting Equitable Education in a Changing World») тақырыбында 10-шы ICBCB халықаралық конференциясы болып өтті.




Ғылыми конференцияның мақсаты – трансшекаралық және конвергентті мәдени сын-қатерлері бар өзгеріс үстіндегі қоғамда тең дәрежеде білім беру және мәдениетаралық ынтымақтастық құндылықтарын ілгерілету. Сондай-ақ отандық және шетелдік ғалымдармен ғылыми және кәсіби байланыстар орнату алаңын құру, білім беру мен ғылым саласындағы өзекті мәселелердің оңтайлы шешімдерін анықтау.




ICBCB 2022 халықаралық ғылыми конференциясының ашылуында Сүлеймен Демирел атындағы университет ректоры Әлімжан Бекежанұлы Игенбаев құттықтау сөз сөйледі. Пленарлық мәжілісте белгілі қазақстандық және шетелдік ғалымдар, соның ішінде NIIT университетінің құрметті профессоры Сугата Митра (Үндістан), UCL университетінің профессоры Джастин Диллон (Ұлыбритания), Chulalongkorn университетінің профессоры Канок Уонгтранган (Тайланд), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Дархан Біләлов, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай, КИМЭП университетінің деканы, профессор Жұлдыз Смағұлова, Назарбаев университетінің профессоры Дүйшөн Шаматов баяндама жасады.


Конференция жұмысы келесі секциялар аясында өтті: «Білім беру саласындағы зерттеулер» (Educational Research), «Тілдерді оқыту саласындағы зерттеулер» (Language Education Research), «STEAM білім беру», (STEAM Education»), «Қазақ тілі мен әдебиеті» («Kazakh Language and Literature»), «Тұтас білім беру» («Holistic Education Track»). Сонымен қатар, «Мұғалімдер өзгерістер тасушылары ретінде: қолдау, мүмкіндік беру және кеңейту» («Teachers as Agents of Change: Supporting, Enabling and Empowering») және «Инклюзивті білім беру» («Inclusive Education») арнайы сессияларында баяндамалар тыңдалды.





Доцент А.А.Аймолдина «Білім беру зерттеулерінің жолы» секциясында «ЖОО студенттерінің сыни ойлау қабілеттерін дамытудағы цифрлық ақыл-ой карталары (“Digital Mind Maps (DMM) in developing university students’ critical thinking skills”)» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама магистранттарға арналған ағылшын тіліндегі «Іскерлік коммуникация» пәнінің мысалында білім алушылардың сыни тұрғыдан ойлауын қалыптастыруда ақпараттық технологияларды, электронды ақыл-ой картасын пайдалану әдістемесіне арналады. Іс-шараға қатысушылар баяндама тақырыбының өзектілігін және баяндамашының зерттеуінің практикалық маңыздылығын атап өтті.




Мәтін және фото: А. Аймолдина