2022 жылдың 14 қазанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде тарих ғылымдарының докторы, қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры Алтайы Иранбекқызы Оразбаева «Дәуір. Қоғам. Тарихшы» көшбасшылық дәріс оқыды. Қонақ дәрісіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттері, магистранттары және докторанттары қатысты.
Дәрісте тарихи білімнің модификациясы мен тарихи зерттеу стратегияларына уақыт пен қоғам өлшемдерінің өзара тәуелділігі мен өзара әсер ету мәселелері талқыланды. Профессор А.И. Оразбаева болашақ тарихшыларға өзінің ғылыми қызығушылық бағыттары жөнінде және өзінің кәсіби қалыптасу жолына Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алу кезеңіндегі қоғамдық санада орын алған орасан зор өзгерістер өткен уақыттың әсері туралы айтып берді. А.И. Оразбаева оның ғалым болып қалыптасуында іргелі тарихи білімнің, академиялық ортаның, классикалық ғылыми мектептердің, ғылыми жетекшілерінің маңызды орындары болғанын ерекше атап өтті.
Кездесу барысында заманауи отандық тарих ғылымының бірқатар даму бағыттары мен перспективалары туралы да сөз қозғалып, ой-пікірлер айтылды. Дәріс аралас форматта ұйымдастырылып өткізілді. Тікелей және виртуалды форматта тыңдаған аудитория А.И. Оразбаеваның көшбасшылық дәрісінің мазмұнын және профессордың ғылыми шығармашылық жолы туралы ақпаратты ерекше ықыласпен қабылдады.