М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалында 2023 жылдың ақпан-маусым айлары аралығында компания қызметкерлеріне, түлектерге, магистранттарға және докторанттарға арналған «Іскерлік ағылшын тілі» біліктілігін арттыру курстары өтті. Курстың мақсаты В1 және одан жоғары деңгейде ағылшын тілінде жиі кездесетін күнделікті және кәсіби жағдайларда қарым-қатынас жасау үшін қажетті білім, дағды және құзыреттілік деңгейін арттыру болды. Бұл курстың пәнаралық интеграциялық негізі оның өзіндік ерекшелігін танытады.
Курстың тыңдаушылары Қазақстаннан (Астана, Алматы, Атырау), Ресейден (Мәскеу) және Германиядан (Гайдельберг) түрлі компаниялар мен ұйымдардың мамандары болды.
Бағдарлама авторы және сабақтарды онлайн форматта оқытқан - филология кафедрасының доценті, іскерлік коммуникация (ағылшын тілі іскерлік мақсат) саласының маманы Аймолдина Әлия Аманжолқызы. Сабақтарда сөйлеу әрекетінің барлық түрлерін (сөйлеу, тыңдау, оқу және жазу) дамытуға бағытталған түрлі интерактивті онлайн платформаларды пайдалана отырып, ағылшын тілінде іскерлік қарым-қатынас мәселелерін шешу, пікірталас форматы қолданылды. Курстың тыңдаушылары ағылшын тілінде түрлі іскерлік жағдайларда, іскерлік құжаттарды жазуда, іскерлік презентацияларды дайындауда және кездесулер мен басқа да іскерлік жағдаяттарда талап етілетін кәсіби іскерлік лексиканы меңгеріп, өздерінің осы бағыттағы тілдік қорын дамытты.
Курс соңындағы қорытынды бағалау жұмыстарын сәтті аяқтағаннан кейін барлық қатысушыларға оқуды аяқтағаны туралы сертификаттар берілді.