2024 жылғы 9 қазанда ММУ Қазақстан филиалында география ғылымдарының кандидаты, Ресейдің экономикалық және әлеуметтік географиясы кафедрасының аға ғылыми қызметкері Евгений Викторович Антоновтың «География және экология: зерттеудің жаңа көкжиектері» тақырыбында ашық дәрісі өтті. Дәріске «Экология және табиғатты пайдалану» бағытының студенттері қатысты.
Дәрісте ММУ география факультетінде жүргізілетін зерттеулердің нәтижелері туралы баяндап, Байкал көліне антропогендік әсерді бағалауға арналған ғылыми жобаның сипаттамасына ерекше тоқталды. Баяндамашы атап өткендей, Байкал көлін зерттеуге деген қызығушылық бірінші кезекте аумақтың жоғары табиғи ресурстық әлеуетіне байланысты танылады: көл құнды балықтарға бай, оны қоршап тұрған тауларда металл кендерінің көптеген кен орындары бар, сонымен қатар соңғы уақытта мұнай мен газ кен орындары да ашылды. Алайда, Байкал аймағының экономикалық дамуы тек оң ғана емес, сонымен қатар жағымсыз салдарға да алып келеді: бұл аймақта бірқатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың болуы аумаққа экономикалық және демографиялық қысым жасайды, атмосфера мен гидросфераның ластануына, бірегей табиғи ландшафттар мен экожүйелердің бұзылуына әкеледі.
Дәрісте ғалым осы аумақтың атмосфералық ластануын, жер үсті суларына, жер ресурстарына, ормандарға және тағы басқалай әсерін бағалауда қолданылатын негізгі тәсілдермен және әдістермен таныстырды. Сонымен қатар соңғы 10 жылдағы антропогендік әсер мен оның динамикасын интегралды бағалау тетіктері таныстырылды. Таныстырылып отырған зерттеу «Экология және табиғатты пайдалану» бағыты студенттерінің оқу барысында алған дағдыларының құндылығын, сондай-ақ өзектілігі зор өмірлік зерттеу мәселелерін шешу үшін оларды практикалық қолдану мүмкіндіктерін көрсетті.
Фото: С. Ким