Мәскеу университетінің 270 жылдығын мерекелеу қарсаңында биылғы жылдың 13 қаңтары күні Мәскеу университетінің 270 жылдығына арналған ММУ Ғылыми кеңесі мен Ресей Ғылым академиясы Президиумының кеңейтілген бірлескен мәжілісі болып өтті. Онда ММУ ректоры, академик Виктор Антонович Садовничий Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының директоры Александр Владимирович Сидоровичке «Мәскеу университетінің құрметті профессоры» атағын беру туралы ММУ Ғылыми кеңесінің шешімін жариялады.
«Мәскеу университетінің құрметті профессоры» атағы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің жоғары наградасы болып табылады және ғылымды, білім беруді, мәдениетті және халықаралық қатынастарды дамытудағы ерекше еңбегі үшін беріледі. Мәскеу университетінің құрметті профессоры атағы осыған дейінгі кезеңде 192 ғалым, саясат және мәдениет қайраткерлеріне берілген еді, олардың қатарында Шыңғыс Айтматов, Индира Ганди, Гейдар Әлиев, Майя Плисецкая, Александра Пахмутова және т.б. бар болатын.
Мәскеу университетінде марапаттау белгіленген рәсім бойынша ММУ Акт залында өтеді. Марапаттау рәсімінде Александр Владимирович Сидоровичті таныстыра отырып, академик Виктор Антонович Садовничий «Александр Владимировичтің тағдыры Мәскеу университетімен тығыз байланысты, ол экономика факультетін бітіргеннен кейін ассистенттен проректорға дейін көтеріліп, ширек ғасырға жуық Мәскеу университетінің Қазақстан филиалының директоры қызметін атқарып келеді», – деп атап өтті.
– Мәскеу университетінің халықаралық ынтымақтастығын дамытуға және еуразиялық кеңістік елдері үшін маман даярлауға қосқан зор үлесіңізді ескере отырып, университеттің Ғылыми кеңесі Сізге Мәскеу университетінің құрметті профессоры атағын беру туралы шешім қабылдады», - деді ММУ ректоры Виктор Антонович Садовничий.
Өз кезегінде А.В.Сидорович ректорға және Ғылыми кеңес мүшелеріне жоғары наградасы үшін алғыс айтты. Сонымен қатар Виктор Антоновичтің Мәскеу университетінің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Өз сөзінде университеттің және жеке ректор Садовничийдің тарихи үлесін, атап айтқанда, «ММУ 1990 жылдардағы өзгерістер кезеңінде Ресейдің білім беру кеңістігін біріктіру және сақтау үшін жауапкершілікті өз мойнына алғанын, сондай-ақ университеттердің Еуразиялық қауымдастығына жетекшілік етіп, Еуразиялық білім кеңістігінің бірлігін сақтауға үлес қосқанын» ерекше атап өтті. Сонымен бірге Александр Сидорович Қазақстан филиалын қолдаған және қолдау көрсетіп келе жатқандарға алғысын білдірді.
- Біз бәріміз, Мәскеу университетінің адамдарымыз, университетіміздің және Виктор Антоновичтің сіңірген еңбегін жоғары бағалаймыз! Мәскеу университеті филиалдардың еуразиялық жүйесін құрды – бұл Мәскеу университеті өмірінің жаңа саласы. Біз Мәскеу университетінің сенімін ақтаймыз деп сенеміз. Мен Филиалымызға қолдау білдірген Қазақстандағы барлық әріптестеріме алғыс айтамын, барлық факультеттерге алғыс айтамын. Мәскеу университетіне қызмет етеміз! – деді Александр Сидорович.
Александр Сидорович стал почетным профессором МГУ // SPUTNIK Казахстан