2025 жылғы 7 қаңтар мен 11 қаңтар аралығында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Eurasian Mathematical журналының 15 жылдығына арналған «Талдаудың, дифференциалдық теңдеулер мен алгебраның өзекті мәселелері» (EMJ-2025) тақырыбындағы Халықаралық ғылыми конференция болып өтті. Конференцияға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Чехия, Пәкістан елдерінің математиктері қатысты.
Іргелі және қолданбалы математика кафедрасының профессоры Ерлан Дауытбекұлы Нұрсұлтанов «Приближенное восстановление мультипликативных преобразований функций нескольких переменных» тақырыбында пленарлық мәжілісте баяндама жасады. Іргелі және қолданбалы математика кафедрасының меңгерушісі Қуаныш Абдрахманұлы Бекмағанбетов «Об усреднении аттракторов уравнений реакции-диффузии в области с шероховатой границей» деген тақырыпта секциялық баяндама оқыды, ал доцент Асхат Бірлесұлы Мұқанов «О теореме Харди-Литтлвуда» деген тақырып бойынша баяндама жасады.
Eurasian Mathematical Journal журналының негізі 2009 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің (Ресей), Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінің (Ресей) және Падуи университетінің (Италия) қолдауымен қаланған болатын. 2018 жылдан бастап бұл журнал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Ресей халықтар достығы университетінің бірлесуімен шығарылып келеді.
Журналдың бас редакторлары - профессор В.И. Буренков (РУДН), ҚР ҰҒА академигі М.Өтелбаев (Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті), РҒА академигі В.А. Садовничий (ММУ). Журнал Web of Sciences дерекқорларына (квартиль Q3 (2023) ESCI редакциясымен) және Scopus базасына (процентиль – 64, квартиль Q2 Mathematics категориясы) енгізілген.
Мәтін: Іргелі және қолданбалы математика кафедрасы
Фото: Еуразия ұлттық университеті Л.Н Гумилева