«Филология» бағытының 1 курс магистранттары филология кафедрасының профессоры Н.Ж.Құрманның жетекшілігімен Қазақстан филиалының құрылу және даму тарихына арналған қазақ тілі сабағында «квест» ұйымдастырды.
Филалдың 20 жылдық мерейтойына арналған сабақ «Филиал жолы» деп аталды. Сабақ барысында магистранттар ММУ Қазақстан филиалының тарихындағы елеулі кезеңдерімен танысып, сонымен бірге қазақ тілінде түрлі лексикалық және грамматикалық тапсырмаларды орындады.
Ашық сабақтың құрметті қонағы филология кафедрасының доценті Треблер Светлана Моисеевна болды. Доцент С.М. Треблер Қазақстан филиалында оның құрылған күнінен бастап жұмыс істейді. Магистранттар С.М.Треблердің ғылыми-педагогикалық қызметі, Мәскеу университетінің Қазақстан филиалының филология кафедрасының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы қазақ тілінде презентация дайындады.
С.М. Треблер өз сөзінде өзінің ғылыми және оқытушылық қызметінің басталуы туралы айтып, магистранттарға Филиалымыздың «алғашқы қадамдары» туралы қызықты деректермен бөлісті.
Квест сабағының келесі бөлімінде құрметті қонақпен сұхбат болды. 1 курс магистранты, «Егемен Қазақстан» газетінің сырттай журналисі рөлін ойнаған П. Цыгельная мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгергендігін көрсете отырып, С.М. Треблерге сауалдар қойды. 1 курс магистранты М. Ан орыс тіліне «аудармашысы» рөлін атқарды, оны тамаша орындады.
Магистранттарды квесттің тағы бір тармағы Филиал тарихына арналған магистранттар Ж. Аманбаева мен З. Куриева дайындаған викторина күтіп тұрды.
Сабақ соңында профессор Н.Ж.Құрман магистранттарды құрметті қонаққа бірнеше тілде алғысын білдіруге шақырды. Ж. Аманбаева, З. Куриева, Д. Абжанова, Д. Еңсебаев – қазақ тілінде, Л. Күнекова орыс тілінде, А. Қожабекова араб тілінде, А. Тұранел ағылшын тілінде, М. Сайданбаева қытай тілінде алғыстарын білдірді.
Доцент С.М. Треблер магистранттарға алғысын білдіріп, барлығын Филиалдың 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, ғылыми-педагогикалық қызметте одан әрі табысты болуына тілек білдірді. Өз кезегінде магистранттар Филиалдың лайықты түлегі болуға уәде берді.
Кім біледі, бәлкім, бүгінгі магистранттардың арасында ғылыми-зерттеу қызметінде үлкен биіктерге қол жеткізіп, уақыт өте келе өздері де «ұрпақтар кездесуінің» қонағы болатын тұлғалар да отырған болар.