15.12.2021

М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыс



М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Оған Мемлекеттік хатшы Қ.Е.Көшербаев қатысып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың жоғарғы оқу орнының мерейтойына орай жолдаған құттықтау жеделхаттарын оқып берді.


Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы оқу ордасының мерейтойы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап, университет филиалы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ашылғанын айтты.


– Мәскеу мемлекеттік университетінің алғашқы шетелдік филиалының еліміздің елордасында ашылуы Қазақстан мен Ресей арасындағы достық байланыстың жарқын әрі ерекше екенінің дәлелі. Осының арқасында бұған дейін ұзақ жылдар бойы қалыптасқан екі ел арасындағы ғылым мен білім саласындағы байланыс жаңаша серпін алды, – деді Қ.Көшербаев.


Сондай-ақ Қырымбек Көшербаев ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасымен М.В.Ломоносов атындағы ММУ филиалына ел Үкіметінің шешімімен жаңа ғимарат берілгенін жеткізді. Бұл еңбек нарығына қажетті мамандарқатарын арттырып, жоғары дәрежелі кадрлар дайындауға мүмкіндік береді.


Бүгінгі таңда қазақстандық филиал Мәскеу мемлекеттік университетінің жоғарғы беделін сақтап, еліміздің білім және ғылым саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Филиал құрылған 20 жыл ішінде әлемнің алдыңғы деңгейлі оқу орындарының стандарттарына сай іргелі білімге ие 2 мыңнан астам маман даярлады.


[ Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты https://www.akorda.kz]