2022 жылғы 20 сәуірде Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессорлары С.Ш. Аязбекова және А.И. Оразбаева «Экономика» бағытының 1 курс студенттерін лекция-экскурсия өткізу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне алып барды. Бұл экскурсия-сабақтар «Ұлы даланың мәдени мұрасы» және «Өркениеттердің салыстырмалы теориясы мәнмәтініндегі Қазақстан тарихы» тақырыбындағы элективті оқу пәндері аясында өткізілді. Оқытудың интерактивті түрін қолдана отырып, оқытушылар экскурсия-сабақтар арқылы пандемия кезінде тоқтап қалғандай болған студенттердің танымдық белсенділігін дамыту міндеттерін шешуді көздеді.
Мұражайдың экскурсия бөлімінің меңгерушісі А.Қ. Сұлтанова студенттерге мұражайдың «Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихы», «Ежелгі түркі өркениеті», «Алтын адам», «Этнография» атты бірнеше залдарының экспозицияларын таныстырды.
Ботай, Пазырық мәдениеттерінің нақты археологиялық жәдігерлерін көріп, тас мүсіндердегі көне түркі жазуларын, көркем қолөнер мен сәулет өнерінің үлгілерін, музыкалық өнер нысандарын, тұрмыстық және салт-дәстүрлік мәдениеттің, діни наным-сенімдер мен культтердің үзінділерінен студенттеріміз өздеріне үлкен үлгі боларлық білім алып, Қазақстан жеріндегі ежелгі өркениеттердің құндылықтарымен бір байланысқа түскендей болды.
Студенттер, әсіресе, Аралтөбе қорғанынан табылған сармат көсемінің, Шіліктідегі Алтын жауынгердің, Тақсай алтын ханшайымының, еліміздің шығысында археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған Үржар әулие әйелінің мумиялары мен Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық базардың экспозициясынан өте көп мәліметтер тауып, шынайы тарихи талдаулар жасауға ұмтылыстарын байқатты.
Заманауи әдістермен жүргізілген тарихи жәдігерлерді таныстыру сабағы өте қызықты өтті, экскурсия-сабақ студенттерге дәрістен алған теориялық білімдерін нақты мысалдармен тәжірибеде бекітуге мүмкіндік берді.