Еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күні мерекесі қарсаңында –ММУ ҚФ әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры Ж.А. Ермекбай мен А.И. Оразбаева атаулы датаға арналған дәрістер мен семинарлар өткізді.
18 және 19 қазанда профессор А.И. Оразбаева «Экономика» және «Экология және табиғатты пайдалану» бағыттарының 1 және 2 курс студенттерінің алдында «Республика күніне арналады» тақырыбында семинарлар ұйымдастырды. Сабақ барысында студенттер Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің алғашқы қадамдары туралы тарихи шежіренің үзінділері бар аудио және бейне материалдармен танысты, 1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» мәтініне талдау жасады, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің тарихи портреттерімен танысып, өздері де арнайы әзірлеген таныстырылымдарын алға тартты.
Әсіресе студенттерді қызықтырған викториналар, тарихи айтыстар, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік тарихы бойынша тестілер Kahoot алаңында өткізіліп, оған қоса студенттердің зияткерлік командалық жарыстары ерекше танымдық деңгейде ұйымдастырылды.
20 қазанда профессор Ж.А. Ермекбай «Қолданбалы математика және информатика» және «Филология» бағыттарының 1 курс студенттері үшін Ұлттық мереке тақырыбына арналған дәрістер оқыды.
Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының ұжымы мен студенттерін Республика күнімен құттықтап, баршаңызға бейбітшілік, жақсылық пен бақ-береке тілейді!
Мәтін: Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы