21.07.2023

М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының директоры Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасарымен кездесті


Кездесуге қатысушылар Филиалдың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесе отырып «Қаржылық талдау» магистрлік бағдарламасын іске асыру нәтижелерін талқылады. 2021 жылдың 15 ақпанында Филиал мен Банк арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған болатын. Сол жылы магистрлік бағдарламаны жүзеге асыру бойынша Жол картасы әзірленіп, 2021 жылдың қыркүйегінде алғашқы магистранттар оқуға қабылданды.




Бағдарлама бойынша Ұлттық Банк мамандары «Монетарлық саясат», «Қолданбалы микро- және макроэкономика», «Заманауи қаржы нарықтарындағы деривативтерді дамыту» курстарын оқытады. Магистранттарды іріктеу негізінде (магистранттың зерттеу тақырыбы, оның оқу үлгерімі және мотивациясы ескеріледі) олардың Банкінің құрылымдық бөлімшелерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта бағдарламаның алғашқы түлектері Камидолла М., Покровский И., Даниярова К. іріктеу кезеңдерін сәтті өтіп, Банкке жұмысқа орналасты. «Ұлттық экономика және экономикалық саясат» бағдарламасының түлегі Арман Ақпанов та әңгімелесуден сәтті өтіп, Банкіге жұмысқа орналасты.


Кездесу барысында алдағы уақыттағы ынтымақтастықтың бағыттары, атап айтқанда, магистрлік бағдарламаны жүзеге асыруда Филиал мен Банк арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету, өзекті мәселелерге бағытталған магистранттарға арналған ғылыми-зерттеу тақырыптарын келісу, ал келешекте осы бағдарлама бойынша оқу орындарының санын кеңейту жөніндеі міндеттер белгіленді.


Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Данияр Валерьевич Вагаповқа және Банк мамандарына жоғары білікті кадрларды даярлаудағы жемісті ынтымақтастық үшін алғысымызды білдіреміз.