25.09.2023

Филиал оқытушылары Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік конгресіне қатысты


2023 жылғы 20-23 қыркүйек күндері Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында Түркі әлемі математиктерінің VII Дүниежүзілік конгресі болып өтті. Осынау ірі ғылыми конференцияға ММУ Қазақстан филиалы мен М.В.Ломоносов атындағы ММУ механика-математика факультетінің оқытушылары мен профессорлары қатысты.


Механика-математика факультетінің дифференциалдық теңдеулер кафедрасының профессоры Г.А. Чечкин «Дифференциалдық теңдеулер мен математикалық физиканың теңдеулері» бөлімінде «Attractors to reaction-diffusion system of equations orthotropic medium» тақырыбында іргелі және қолданбалы математика кафедрасының меңгерушісі Қ.А. Бекмағанбетов пен Ресей Ғылым академиясы қолданбалы физика институтының жетекші ғылыми қызметкері В.В. Чепыжовпен бірге орындалған жұмыстың нәтижелері бойынша баяндама жасады.




«Функциялар теориясы және функционалдық талдау» секциясында сөз сөйлеген профессор Е.Д. Нұрсұлтанов «On the convolution operator in Morrey type spaces» тақырыбында және доцент А.Б. Мұқанов «Integrability conditions of trigonometric series with general monotone coefficients» тақырыбында баяндама жасады.






«Математиканы оқыту әдістемесі және математика тарихы» секциясында механика-математика факультетінің математикалық логика және алгоритмдер теориясы кафедрасының меңгерушісі, РҒА мен РБА академигі А.Л. Семенов «Theory of definability – the geometry of logic» тақырыбында баяндама жасады.



Түркі әлемі математиктерінің конгресі үш жылда бір рет өткізіліп тұрады. Түркі әлемі математиктерінің 1-ші конгресі 1999 жылы Фират университетінде (Элазиг, Түркия) өтті. Одан кейін Конгресстер Түркияда, Қазақстанда (2 рет), Қырғызстанда, Әзірбайжанда өткізілді. Конгресстің негізгі мақсаты – халықаралық байланыстарды дамыту және ғалымдардың ынтымақтастығын кеңейту, математика ғылымының дамуына ықпал ету және математика мен ақпараттық технологиялар жетістіктерін ғылыми зерттеулерде, техника мен білім беруде қолдануға ықпал ету.


VII Конгресс жұмысына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Ресей, Беларусь, Түркия, Иран, Қытай, Үндістан, Чехия, АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея, Сербия, Малайзия, Сауд Арабиясынан, Моңғолиядан 400-ден астам ғалым қатысты. Конгресс жұмысы 10 секцияға бөлінді.




Конгресс бағдарламасы аясында Түркітілдес елдердің Дүниежүзілік математикалық қоғамының президенті, Қазақстан математикалық қоғамының президенті, ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық инженерлік академиясының академигі ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың 70 жылдығына арналған пленарлық мәжіліс өткізілді. Меретой иесін Когреске қатысушы көптеген елдердің өкілдері құттықтады. Б.Т. Жұмағұловқа Мәскеу университетінің ректоры В.А. Садовничидің атынан құттықтау сөзді профессор А.Л. Семенов оқып берді.

Сонымен бірге Конгресс аясында Түркі әлемінің атақты математиктері марапатталды. Қазақстан бойынша ҚР ҰҒА академигі М.Ө. Өтелбаев және Р.О. Ойнаров Конгресс лауреаты атағын алды.